27 сәу, 2020 сағат 08:50

Еуропа одағының төрт елінде соңғы тәулікте COVID-19 азайғаны байқалған

Коронавирус көп тараған Еуропаның төрт елінде соңғы тәулікте SARS-CoV-2 инфекциясынан кісі өлімі айтарлықтай азайған. Бұрын бұл көрсеткіш бойынша төрт ел өзгелерден алда тұрған.

Францияда бір тәулікте COVID-19-дан 242 адам өлген, оның 125-сі ауруханада, 90-ы қарттар үйінде қайтыс болған, деп хабарлайды Францияның денсаулық сақтау министрлігі. Бір күн бұрын бұл көрсеткіш 369 адам болған.

Италияда соңғы бір тәулікте коронавирустан 260 адам өлген. Бұл 14 наурыздан бергі ең төмен көрсеткіш. Эпидемия басталғалы Италиядада вирустан 26 644 адам өлген. Өткен тәулікте 2324 адам ауруханаға түскен, бұл да 20 наурыздан бергі ең төмен көрсеткіш деп хабарлайды RFI.

Ұлыбритания денсаулық сақтау департаменті 31 наурыздан бері кісі өлімінің ең төмен көрсеткішін тіркеді. Өткен тәулікте Британия ауруханаларында 413 адам өлген. Эпидемиядан өлгендер 20 732 адам. Алайда, «Немецкая волна» ақпаратына қарағанда, Ұлыбританиядағы шынайы көрсеткіштер өзгеше болуы мүмкін. Өйткені өз үйлері мен қарттар үйінде өлгендер бұл статистикаға кірмеген.

Испанияда коронавирус жұқтырғандардан соңғы тәулікте 288 адам өлген. Бір күн бұрын, 25 сәуірде 378 адам өлген. Эпидемия басталғалы 23 190 адам қайтыс болған.

Әлемде барлығы 2 986 000 (+78 000, бір тәулік бұрынғыдан 19 пайыз аз) адам коронавирус жұқтырды. Өлгендер: 206 500 (+4000, бір тәулік бұрынғыдан 40 пайыз аз). Жазылғандар: 875 000 (+43 000, бір тәулік бұрынғыдан 20 пайыз аз).

Коронавирус динамикасы жайлы Джонс Хопкинс университеті жариялайтын күн сайынғы есеп – әлемдегі ең егжей-тегжейлі есеп болып саналады. Алайда, бұл есеп те үкімет органдарының мәліметі бойынша түзіледі.

Кей елде коронавирус жайлы ақпараттар жариялауға шектеу қойған немесе толық картина жасауға мүмкіндік бермейтін өзге де себептері бар. Мәліметтердің ашықтығы мен сапасы, әдіснамасы әр елде әрқилы болуы мүмкін.