Еуропа елдері коронавирус инфекциясының таралу қарқынын тежеуге тырысуда, деп хабарлайды Euronews.
Жаңа санитарлық шектеулер Францияда күшіне енді. Кем дегенде екі аптаға Парижде және басқа да ірі қалаларда барлар жабылады. Мейрамханалар қатаң санитарлық хаттама аясында жұмыс істейді. Ел үкіметі кәсіпорындарға мүмкіндігінше қашықтан жұмыс істеуге кеңес беріп отыр.
Италия билігі де күшейтілген талаптарды қарастыруда. Денсаулық сақтау министрі Роберто Сперанца бүкіл ел бойынша ашық ауада қорғаныш маскасын тағу талабын міндетті етіп енгізді. Бұл ереже соңғы күндері коронавирус жұқтыру жағдайларының саны күрт артқан аймақтарда, оның ішінде Кампанияның оңтүстігінде қолданылады.
«Бүгін, 6 қазандағы жағдай бойынша Италияда 59 мың адам коронавирусқа шалдыққан. Екі ай бұрын бұл көрсеткіш 12600 болған еді. Екі ай ішінде ауру жұқтырғандар саны күрт артып кетті. Мұны байқамау мүмкін емес», - деді ведомство басшысы.
Лацио облысында билік балалар үшін коронавирусқа қарсы тестілеу процедурасын жеңілдетуге тырысуда, дәрігерлер талдама үшін балалардың сілекейін алады.
Испанияның ұлттық сот алқасы Мадрид автономды қауымдастығында пандемияны болдырмау үшін енгізілген шектеу шараларын тоқтата тұрудан бас тартты. Сотқа «Вокс» партиясы өтініш білдірген. Карантин жеңілдегеннен кейін Испанияда коронавирустың таралу қарқыны тез өсуде. Елде экономикалық ахуал нашарлады, жыл қорытындысы бойынша Испанияның ЖІӨ 11%-дан астам қысқаруы мүмкін.