05 ақп, 2020 сағат 03:47

Еуроодақ Трамптың Таяу Шығыстағы жағдайды реттеу жоспарын қолдамады

АҚШ президенті Дональд Трамп (сол жақта) және Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху.

Еуропа Одағы АҚШ-тың Таяу Шығыстағы жағдайды реттеу жоспарын қолдамады. Одақ өкілдері қажет болса Израильдің Палестина жерін әрі қарай жаулап алу жоспарына қарсы дау айтатынын жеткізді. Президент Дональд Трамп Таяу Шығысқа байланысты жоспарын өткен аптада таныстырған.

Еуропа Одағының сыртқы істер және қауіпсіздік саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель Еуроодақ "Израиль мен тәуелсіз, демократиялық, тұрақты Палестина мемлекетінің қатар өмір сүруіне" қатысты ұстанымын өзгертпейді деді.

"Америка дауысы" сайтының жазуынша, Трамп ұсынған жоспарда Палестина мемлекетін құру мәселесі қарастырылса да, палестиналықтардың қарапайым талаптары ескерілмеген. Ал Израильдің соңғы ондаған жылдар бойы талап етіп келген ұсыныстарының барлығын орындауды көздейді.

Жозеп Боррельдің пікірінше, Израильдің Палестина аумағын аннексиялап алу талпынысы "жауапсыз қалмайды". Боррель бейбітшілікті сақтау үшін палестиндік шекараны бекітіп, Иерусалимнің мәртебесін анықтап алу керек деді.

Палестина автономиясының жетекшісі Махмуд Аббас Трамптың ұсынысын "мән-мағынасыз" жоспар деп сынаған. Парсы шығанағы елдері "үстірт" бастама деп атады.

Брюссельде одақ өкілдері Трамптың 2017 жылғы Иерусалимді Израиль астанасы деп тану туралы шешімін сынап, бұл АҚШ-тың бейбіт процесте делдал болу рөліне нұқсан келтіреді деді.