07 қаз, 2020 сағат 09:59

Еуроодақ Қырғызстандағы саяси күштерді елдегі келіспеушілікті бейбіт жолмен реттеуге шақырды

Еуроодақ Қырғызстандағы сайлау туралы мәлімдеме жасады. Бұл туралы одақтың Қырғызстандағы өкілеттігі хабарлады. Мәлімдемеде Еуроодақтың Қырғызстан орталық сайлау комиссиясының 4 қазандағы сайлау нәтижесін жарамсыз деп табуын ескергені айтылады.

"Еуроодақ елдегі барлық саяси күштерді конституция аясында әрекет етіп, қайшылықты бейбіт жолмен әрекет етуге шақырады. Біз Қырғызстанның халықаралық міндеттемелері мен азаматтарының демократиялық құқықтарына сәйкес келетін жаңа, сенімге лайық, ашық және жалпыхалықтық сайлауды тағатсыздана күтеміз" делінген мәлімдемеде.

Еуроодақ сондай-ақ Қырғызстанның демократиялық жолы мен дамуын ел тәуелсіздік алғалы қолдап келе жатқанын, елге қолдау көрсетуді одан әрі де жалғастыра беретінін мәлімдеді.

5 қазан күні ел астанасы Бішкекте парламент сайлауының нәтижесімен келіспейтін саяси партиялардың митингі өтті. Олар 4 қазандағы сайлаудың нәтижесін жарамсыз деп тауып, жаңа сайлау өткізуді талап етті. Кейінірек бұл акция демонстранттар мен құқық қорғау органы қызметкерлері арасындағы қақтығысқа айналды. Түн ортасында шерушілер ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратын және президент пен парламент резиденцияларын басып алды. Осы түні наразы топ қамауда отырған бірқатар саясаткерді түрмеден босатып алды. Олардың қатарында Қырғызстанның парақорлық айыбымен 11 жылға сотталған бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев, бұрынғы премьер-министр Сапар Исаков, Жогорку Кеңештің бұрынғы депутаттары Равшан Джеенбеков және Садыр Жапаров бар.

6 қазан күні Орталық сайлау комиссиясы 4 қазандағы сайлаудың нәтижесін жоққа шығаратынын мәлімдеді.