Өткен аптада Италия, Германия сияқты Еуропа елдерінде коронавируспен ауырған адамдар саны 60% артты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар орталығында өткен онлайн брифингіде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бүгін Елбасы Үкіметтің алдына және Денсаулық сақтау министрлігіне бірқатар тапсырма берді. Соның ішінде алдыңғы орында ПТР тестінің және медициналық масканың бағасын төмендету тапсырмасы тұр. Басқа елдермен салыстырып қарағанда, елімізде масканың бағасы 60 теңгенің төңірегінде болса, Ресейде 20 теңге екен. Бұл қаржылық мәселе болғандықтан басқа министрліктегі әріптестер бұл мәселені шешуге кіріседі деп ойлаймын», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.
Оның айтуынша, соңғы 2-3 айда Қазақстанда масканың бағасы 2-3 есе арзандады.
«Қазіргі уақытта Қазақстанда күнделікті 40 мың ПТР тест өткізу мүмкіндігіміз бар. Жыл соңна дейін оның саны 67 мыңға дейін өседі. Неғұрлым көп адам ПТР тестіден өтсе, соғырлым жағдай белгілі болып, нәтижеге байланысты шешім қабылданады. Сол шешімнің арқасында елімізді індеттен қорғау мүмкіндігі туады», - дейді ол.
Сондай-ақ, ол көрші мемлекеттерде жағдай едәуір қиындап келе жатқанын айтты.
«Өткен аптада Италия, Германия сияқты Еуропа елдерінде коронавируспен ауырған адамдар саны 60% артты. Ресейде соңғы тәулікте 11 615 адам ауруға шалдықса, Түркияда күніне 1 603 жағдай тіркелуде. Жалпы Еуроодаққа кіретін елдерде Қазақстанмен салыстырғанда коронавируспен ауырған адамдардың саны 13 есе көп. Сондықтан өте сақ болуымыз керек», - дейді Бағдат Қожахметов.