22 жел, 2020 сағат 06:25

Еуроодақ алғашқы коронавирус вакцинасын жоспарланған мерзімнен бұрын мақұлдады

Еуропалық Комиссия дүйсенбіде Pfizer компаниясының коронавирусқа қарсы вакцинасын ресми түрде мақұлдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгін біз еуропалықтар үшін алғашқы COVID-19 вакцинасын мақұлдап, Еуропаның тарихына маңызды тарау қосамыз», – деді Еуропалық комиссияның басшысы Урсула вон дер Ляйен. 

«Біз уәде еткендей, вакцина ЕО-ның барлық елдері үшін бір уақытта, бірдей шарттарда қолжетімді болады», – деп түсіндірді ол.

Еуропалық дәрілік заттар жөніндегі агенттік дүйсенбі күні оң қорытынды бергендіктен, Комиссия вакцинаны мақұлдаған.

Бұдан бұрынырақта Еуропалық Комиссия мақұлдауды кейінге жоспарлаған болатын. Алайда қоғамның үндеуіне байланысты еуропалық институттар қарау мерзімдерін барынша жеделдетті.

Бельгиядағы Pfizer өндірістік алаңынан вакциналардың алғашқы партиялары ЕО-ға мүше елдерге жақын күндері жіберіледі. ЕО бойынша вакциналау ағымдағы жылдың 27 желтоқсанынан басталуы мүмкін.