09 мау, 2019 сағат 23:26

Еспаева: "Бұл - мен үшін үлкен көрсеткіш"

«Ақжол» партиясының атынан кезектен тыс президенттік сайлауға түскен Дания Еспаева саяси науқанның алдын ала қорытындысынан кейін өз пікірімен бөлісті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Алдымен, барша қазақстандықтарды еліміздің тарихында маңызды болып табылатын айтулы күннің сәтті өтуімен құттықтаймын. Оның ішінде, мені қолдап дауыс берген отандастарыма шексіз алғысымды айтамын. Бүгіндікке ұялы телефоныма қоңырау шалып, қолдау білдірушілердің санында шек болмады. Сондай-ақ, өз партияластарым - ақжолдықтарға ризашылығымды білдіремін. Сайлауға келсек, өте тартысты өтті. Соңғы нәтижені ертең білетін боламыз», - деді Д. Еспаева.

Сонымен қатар кандидат сайлауға қатысудан өмірлік және қызметтік тәжірибе жинағанын айтып өтті.

«Сайлау - мен үшін үлкен мектеп болды. Өз басыма керекті дүние жинадым. Әсіресе, өңірлердегі халықпен кездесу барысында көптеген мәліметтерге қол жеткіздім. Алдағы уақытта мағлұматтармен тереңінен танысатын боламын. Ал нәтижеге келсек, алдын ала қорытынды бойынша, 3-орындамын. Ол - мен үшін үлкен көрсеткіш. Одан бөлек, тәуелсіз Қазақстан тарихында президенттікке кандидаттар арасында алғаш әйел болып қалдым. Бұл қуантады», - деді ол.

Кандидаттың сайлау штабында оның өкілдері мен қолдаушылары жиналды.

Exit-poll нәтижесіне сүйенсек, «Қоғамдық пікір» институтының өкілдері жүргізген сауалнамаға сәйкес, президенттік сайлау барысында Дания Еспаеваға электораттың 5,32 пайыз дауыс берді. Ал «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының сауалнама қорытындысы бойынша, Д. Еспаеваға халықтың 4,78 проценті қолдау білдірген