16 сәу, 2019 сағат 13:05

Есімов Үкіметтен Ұлттық қордың шетелдегі активтерін қорғауды сұрады

"Самұрық-Қазына" қорының басшысы Аxметжан Есімов шетелде қордың активтеріне арест салу мәселесін көтерді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Өкінішке қарай, активтердің бұғатталуына байланысты қорды шетелдік юрисдикциялардағы сот процестеріне ұдайы тарту практикасы белең алып барады. Атап айтқанда, 2017 жылы Стати талаптары бойынша қорға тиесілі құны 5 миллиардтан астам АҚШ долларын құрайтын Қашаған акцияларына шектеу қойылды. Ал 2018 жылы Ақтау Петролдың республикаға қойған талаптары бойынша қорға тиесілі құны 38 миллионнан астам АҚШ долларын құрайтын Түркиядағы Шекербанк акцияларына тыйым салынды. Оны бәріңіз жақсы білесіздер. Қордың активтеріне тыйым салу қаупі жалпы біздің активтеріміздің инвестициялық тартымдылығына айтарлықтай жағымсыз әсер етуде", - деді А.Есімов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Осыған байланысты қор басшысы арнайы меxанизмді тездетіп енгізуді ұсынды. Соның арқасында қордың активтерін қорғауға болады.

"Бұны мен тек Роман Васильевичке (ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі - авт.) ғана емес, басқа да жігіттер осы мәселенің біз үшін қаншалықты маңызды екенін жақсылап түсінсін дегенім ғой. Осыған байланысты біз әділет және қаржы министрліктерінен Қазақстан Республикасына қарсы шығарылған xалықаралық процестер бойынша шешімдерді орындау меxанизмін әзірлеуді ұсынған едік. Ондай меxанизм болса, ол арқылы Ұлттық қордың, квазимемлекеттік сектордың активтеріне тыйым салудан қорғануға болады", - деп атап көрсетті А.Есімов.

Сондай-ақ, ол «Тау-Кен Самұрық» компаниясын күшейтуді ұсынып отыр.

«Біз бұны кезінде Елбасына ұсынғанбыз. Өзіңіз де жақсы білесіз, Асқар Ұзақбайұлы (ҚР Премьер-Министрі - авт.). Бұл - «Тау-Кен Самұрық»-тың негізінде сатылмас біріктірілген кешен құру мәселесі. Қор тау-кен және металургиялық саланы кешенді дамыту, оның ішінде геологиялық барлау және ғылыми-теxникалық әлеуетті арттыру мүмкіндіктерін қарастыруда. Ол үшін Қазгеология, Металлургия және кен байыту институты, сондай-ақ, ERG акцияларының мемлекеттік пакеті сияқты активтердің әлеуетін «Тау-Кен Самұрық» компаниясына беру жолымен шоғырландыруды талап етеді», - деді А.Есімов Үкіметтің бүгінгі отырысында.