Бүгін Қарағандыда «Қазақстанда бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Онда қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, сұрақ қойып, ұсыныстарын енгізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бейбіт жиындарды ұйымдастыру мен өткізуге қатысты әзірленген заң жобасын талқылағаннан кейін сарапшылар аталмыш құжат номаларына қатысты өз пікірлерін білдірді. Қарағандылық белгілі әлеуметтанушы қазір осы заңға қалың көпшіліктің ерекше көңіл-күймен назар салып отырғандығын айтты.
«Менің ойымша бұл қазіргі қоғамда митингілерді қоса алғанда қоғамдық қызмет пен қоғамдық қатынастардың саяси аспектілерінің тым жоғары бағалануымен байланысты. Меніңше, митингтер қоғамда ұзақ уақыттан бері қордаланған мәселелердің шешу тәсілі алмайды. Дегенмен бұл да халықтың қандай да бір мәселеге деген қатынасының көрінісі және оның болуы заңды. Оның үстіне халықтың бұлайша үн қатуы біздің тарихымызда, Кеңес Одағы тұсында да, одан кейінгі кезеңде де болған емес. Сол себепті қазір біздің алдымызда халықтың осындай жолмен үн қатуының оңды жалғасын табуына ықпал ететін екіжақты тиімді нормаларды құрылымдау міндеті тұр. Бұл ретте саясат субъектілерінің пікірлері екі түрлі болуы мүмкін, бұл қалыпты жағдай. Сондықтан қазір талқылау жүріп жатыр. Мен осы талқылаулардың нәтижесінде біздегі қоғамдық шарттар бойынша аталған мәселені шешудің ақылға сыйымды және екіжақты тиімді шешімдері қабылданады деген үміттемін», - деп атап өтті әлеуметтанушы Есет Есенғараев.
Сондай-ақ, оның пікірінше, аталмыш заңды бірыңғай стандартпен жасау мүмкін емес. Себебі бірде-бір елде бірыңғай стандарт жоқ.
«Бұл өте салмақтап, саралап қарайтын жағдай. Бұл мәселеге қатысты АҚШ-тың бір штаты мен екінші штатындағы жағдайдың өзі әртүрлі. Сондықтан да біз оның бірыңғай қалыбын жасай алмаймыз. Сол себепті бізге қазір өзіміздің дәстүрлеріміз бен ерекшеліктерімізді ескере отырып, жаңаша үлгілерді жасау керек», - деп есептейді Есет Есенғараев.