Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Балалар Евровидениесі» байқауында екінші орын алған қазақстандық әнші Ержан Максиммен кездесті, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Алдымен Ақтоты Райымқұлова жас әншіні жүлделі орынға ие болуымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
«Қазақстанға сый алып келген кішкентай Ержан баламызды құттықтаймыз. Жетістіктерге жете бер. Жүзден жүйрік шыққаныңа мың да бір алғыс. Бұл – үлкен жұмыстың нәтижесі. Еліміздің туын, мәртебесін көтергенің үшін саған көп рақмет» деді министр.
Сонымен қатар, министр жас әншіге «Қазақ елі» шағын мүсінін сыйға тартты. Осы орайда Ержан Максим байқау кезінде басынан өткен қызықты оқиғаны айтып берді.
«Маған осылай құрмет көрсетіп жатқаныңызға көп рахмет! Байқауда өте қиын болды. Бірақ ең қызығы байқауда менің құлағыма құлаққап сыймай қалды. Кейін оны скотчпен құлағыма жабыстырып тастадым. Тағы да көп қызықтар болды. Балалардың бәрі кешке қарай бірге көңіл көтеріп, вальс биледік. Қарсыластарым өте мықты болды» дейді жас әнші.
Айта кетейік, «Балалар Евровидениесі 2019» байқауы Польшаның Гливице қаласында өтті. Оған 18 елдің өкілдері қатысты. Ержан Максим сахнаға «Арманыңнан қалма» әнімен шықты.
Беларусь, Грузия, Нидерланды, Польша, Сербия, Украина және Уэльстің кәсіби музыканттары қазақстандық жас әншіге балл беріп, қолдау көрсетті.
Нәтижесінде, Ержан Максим екінші орын иеленді. Бұл сайыста польшалық Виктория Габор жеңіске жетті. Үшінші орын испаниялық Мелани Гарсияға бұйырды.