12 қаң, 2022 сағат 17:58

Ертең ҰҚШҰ бітімгерлерін елден шығару жұмысы басталады - Президент

© Photo: Пресс-служба министерства обороны Казахстана /AZAMAT KHOZHIN

Бүгін Алматыда жедел штабтың отырысын өткізген Мемлекет басшысы алда ҰҚШҰ бірлескен бітімгерлік контингентін елден шығару жұмыстары басталатынын айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорда сайтына сілтеме жасап.

"Ертең ҰҚШҰ бірлескен бітімгерлік контингентін елден шығару жұмыстары басталады. Мен тиісті мемлекеттердің басшыларымен сөйлестім. Осы сәтті пайдаланып, осы бірнеше күнде жүргізген ауқымды жұмыстары үшін   контингенттің басшылығына алғыс айтамын. ҰҚШҰ бітімгерлік контингентінің Қазақстанға, соның ішінде Алматыға келгені жалпы еліміздегі жағдайды тұрақтандыруда үлкен рөл атқарды. Бұл әрекеттердің лаңкестер мен содырлардың агрессиясын қайтаруда үлкен психологиялық маңызы болғаны сөзсіз. Миссия өте сәтті өтті. Менің әріптестеріме Ұйымға мүше елдердің басшыларына үлкен алғыс білдіремін", - деді Президент.

Сондай-ақ, жедел штаб отырысының қорытындысы бойынша Үкіметтік комиссия мен жергілікті әкімдіктер бірлесіп қысқа мерзім ішінде барлық аймақтағы нысандарды қалпына келтіруге, үздіксіз транспорт жұммысын қамтамасыз етуге, азық-түлікпен қамтамазы етуге, сондай-ақ шағын және орта бизнес нысандарының жұмысын жандандыруға күш салу тапсырылды.