10 шіл, 2024 сағат 10:57

"Ертең әкеңнен танытып, желкеңнен қысып отырғанын тағы көресің": Желіде Тұрсынбек Кәкішевтің видеосы тарады


Әлеуметтік желіде белгілі әдебиетші, ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің ескі видеосы тарады.

Онда Кәкішев қазақ елінің ерекшелігін айтып, қалай қазақ халқы қоғамдық тәртіпті сөзбен реттеп отырғанына мысал келтірді. Сосын, әлі күнге шейін Ресейге арқа сүйейтінімізді жеткізді.

"Қазақтың сынамайтын дүниесі жоқ. Дайын киіп отырған көйлегің бар ғой? Осыдан мін табады. Ана жеріне бірдеңе қоймаған, мына жеріне бірдеңе қоймаған деп, міншіл, сыншыл халықпыз. Ол жағынан келген уақытта, біз - көп елге қарағанда өз эстетикалық танымымыз бен білігіміз бар. Ол - ауыз әдебиетінің күштілігінен. Қазақ даласында бір түрме, бір үйде құлып болған жоқ.  Немесе, ұры-қарысы болмап па? Болған бәрі де. Бірақ соның бәрін сөзбен ұстап, сөзбен жөнге салып отырған. Осы жағынан алып қарғанада, Еуропацентристік көзқарастың ең надандығы - білмейтіндігінің нәтижесінде біз өзімізді өзіміз қор қылып көрсетіп келдік. Қазір, әлі күнге шейін мынау Россиясыз күн көре алмайтын сияқтымыз. Қазірдің өзінде Таможенный союзға да кірдің, одаққа да кіріп жатырсың. Ертең әкеңнен танытып, желкеңнен қысып отырғанын тағы көресің. Оған да көнесің..." -дейді Тұрсынбек Кәкішев KUN.KZ таратқан видеода.


Тұрсынбек Кәкішев - әдебиетші, ғалым, сыншы, Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері.  Оның «Дәуір суреттері», «Сын сапары», «Оңаша отау» және «Қазақ әдебиетінің тарихы» сынды зерттеу кітаптары, Сәкен Сейфуллинге арналған бірқатар кітаптары және басқа да шығармалары жарыққа шыққан. Ол 1927 жылы туып, 2015 жылы дүниеден озды.