12 там, 2019 сағат 11:40

Ермұхамет Ертісбаев қызметінен босатылды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ермұхамет Ертісбаев елші қызметінен босатылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Ермұхамет Қабиденұлы Ертісбаев Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен, ТМД Жарғылық органдарының жанындағы Тұрақты Өкіл қызметін қоса атқарудан босатылды», делінген хабарламада.

Ермұхамет Қабидинұлы 1956 жылы 19 қарашада Қарағанды облысында дүниеге келген. 

Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. Саясаттану ғылымдарының докторы, профессор. Жұмыс тәжірибесін 1978 жылы Жезқазған педагогикалық институтында ассистент болып бастаған. Совет әскері қатарында әскери қызмет өтеді. Ломоносов атындағы ММУ-де машықтанушы-оқытушы болды, сонда аспирантураны бітіріп, диссертация қорғаған. Саясат тарихы кафедрасының меңгерушісі болды.

Бірнеше монография мен жүздеген ғылыми және публицистикалық мақаланың авторы. 1990-1994 жылдары – ҚР Жоғары Кеңесінің депутаты. 

1994-1998 жылдары - Қазақстанның Социалистік партиясы саяси атқару комитетінің хатшысы. 1994-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі. 1998-2000 жылдары - Қазақстан стратегиялық зерттеу институтының директоры. 2000 жылы Мемлекет басшысы Әкімшілігінің бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді. 

2002 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі. 2006 жылы қаңтар айынан бастап ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрі. 2006-2008 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрі. 2008 жылы мамыр айынан Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі. ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңестің мүшесі.

2013-2017 жылдары ҚР-ның Грузиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі болды.

2017 жылдың қарашасында Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі, ТМД жарғылық органдары жанындағы тұрақты өкілі болып тағайындалды.

«Құрмет», «Парасат»» және ІІІ дәрежелі «Сіңірген еңбегі үшін» (Украина) ордендерімен, «Астанаға 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.