Мемлекеттік органдарда деструктивті діни ағымдардың өкілдері байқалған жоқ. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатынынан кейін ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Деструктивті түрлі діни ағымдардың өкілдеріне тоқталатын болсақ, олар елімізде бар және осы адамдармен тиісті түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл олардың жеке өздерінің жаңылысуы, сондай-ақ дінді дұрыс түсінбеудің сипаты. Алайда осы адамдардың мемлекеттік органдарда қызмет етуі жайында білмеймін. Менің ойымша, меморгандарда осындай адамдар жоқ», - деді министр тілшілер сауалына жауап беру кезінде.
Мәжілістегі Үкімет сағаты барысында Н. Ермекбаев Конституция мен заңдар бойынша барлық діндер тең болып отырғанын, бірде бір дін өзге діндер алдында артықшылыққа ие емес екенін еске салып өтті.
«Бүгінгі күні діни бірлестіктермен бірге еңсеретін бірқатар сын-қатерлер тұр. Біріншіден, соңғы жылдары азаматтар діншілдігінің жылдам өсуі - діни мәдениеттің дұрыс қалыптасуынан және діни догмаларды сыни қабылдаудан озып кетті. Кейбір діншіл адамдар діни қағидаларды сөзбе-сөз бұлжытпай орындап, заңдар мен зайырлы ғибраттарынан жоғары орынға қойып отыр. Бұл отбасындағы, сондай-ақ жалпы мемлекеттік күрделі сын-қатерлердің, шиеленістердің шығу көзі», - дейді Н.Ермекбаев.
Бұдан бөлек ол еліміздің діни аудиториясына сыртқы теріс ықпалдар күшейгенін сөз етті. Бұған ақпараттық кеңістіктің ашықтығы және жаһандану процестері ықпал етуде. Интернет, әлеуметтік желілер мен басқа да коммуникациялық құралдар тұрғындар санасына жаппай идеологиялық әсер етуге мүмкіндік береді.