Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев арнаулы жиын кезінде әскери міндетті адамдар әскери қызметкер мәртебесіне және заңға сәйкес әлеуметтік сипаттағы жеңілдіктердің бәріне ие болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Атап айтқанда олар тамақпен, заттай, медициналық көмекпен қамтылады. Сондай-ақ әскери міндеттілердің арнаулы жиын кезінде жұмыс орны, лауазымы сақталады. Мемлекет есебінен жұмыс орнындағы айлығы төленсе, жұмыс істемейтін азаматтарға ең төменгі айлық мөлшері (42 500 теңге) беріледі. Мәселен арнаулы жиынға шақырылғанға дейін әскери қызметшінің айлығы 200 мың теңге болса, жиынның әр айында ол осы соманы алып отырады», - деді Нұрлан Ермекбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Қорғаныс министрі сондай-ақ арнаулы жиындарды жұмылдырумен (мобилизация) шатастырмау керектігін ескертті.
«Жұмылдыру – мемлекеттің барлық саласын, халқын, ұйымдарды, әскери құрылымдарды әскери уақыт режіміне өткізу дегенді білдіреді. Қазір бұл туралы айтылып отырған жоқ. Арнаулы жиындар әрдайым жылына бірнеше рет өткізіледі. Аймақтардағы әкімнің бәрінде де осындай жиын өткізу тәжірибесі баршылық. Әкімдер денсаулық және отбасылық жағдайын ескере отырып, қорғаныс істері жөніндегі бөлімдер мен әскери комитеттер арқылы азаматтарды шақырады. Біз өз тарапымыздан өздігімен арнаулы жиынға келгісі келгендерге басымдық беруге кеңес береміз. Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты елдегі қиындықты еңсеру үшін үлес қосқысы келетін өтінімдер молынан түсіп жатыр. Жастарымыз патриот. Жарлық шыққаннан кейін кеше кештен бері арнаулы жиынға келгісі келетін жастардан өтінім көптеп түсуде», - деді ол.
Еске сала кетсек, кеше Қазақстан Президенті әскери міндеттілерді арнаулы жиынға шақыру туралы Жарлық шығарған еді.