Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды орындауды беру туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Құжатқа ТМД мемлекеттерінің басшылары 2019 жылғы 11 қазанда Ашғабад қаласында қол қойды.
Конвенцияның негізгі мақсаты – әр азаматқа өз жазасын тұрғылықты жері бойынша өтеуге мүмкіндік беру.
«Конвенцияға сәйкес сотталушы немесе оның заңды өкілі өз жазасын тұрғылықты жерінде өтеу туралы өтініш береді. Өтініш бойынша сол елдің бас прокуратурасы сұрау салады», - деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Сұрау салуға мына құжаттар қоса беріледі: сотталушының азаматтығы, сот шешімінің көшірмесі, мінездеме, келтірілген шығын туралы мәліметтер.
«Жазасын өтеушіні қабылдайтын мемлекет белгіленген жазадан қатаң емес жаза тағайындайды. Жазасын өтеуші шешім қабылдаған соң, 45 күнде өз бетінше елден шығуы тиіс. Ал егер бұл талап орындалмаса, заң бойынша мәжбүрлі түрде елден шығарылады. Сұрау салудан бас тарту негіздері де қарастырылған. Ұлттық заңнамаға сәйкес жазасын өтеушінің әрекеті қылмыс болып саналмаса, қылмыстың мерзімі өтіп кетсе, ел тәуелсіздігі мен ұлттық қауіпсіздігіне қауіп болса, ұлттық заңнамаға қайшы өзге де жағдайда бас тартылады», - деді министр.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта елімізде 447 шетел азаматы пробацияда тұр. Олардың арасында Өзбекстаннан 216, Ресейден – 138, Қырғызстаннан – 38, Армениядан 5 азамат бар. Ал өзге елдерде 280 Қазақстан азаматы жазаға тартылған. Соның ішінде Ресейде 251, Өзбекстанда – 24, Қырғызстанда – 2, Беларусьта үш азамат бар.