25 жел, 2020 сағат 09:35

Ерлан Карин: Реформаларға бағдар сақталады және жалғасады

Қазақстан Президентінің көмекшісі Ерлан Карин 2020 жылдың саяси қорытындысын шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүкіл әлемдегідей Қазақстан үшін де өтіп бара жатқан жыл өте күрделі болды. Дегенмен ауқымды қиындықтармен сыртқы жайттардың қысымына қарамастан, билік оқиға дамуының теріс сценарийлерінің жүзеге асуына жол бермеді. Іс жүзінде жыл бойы барлық мемлекеттік органдар - Президент Әкімшілігі, Үкімет, әкімдіктер үлкен бір дағдарысқа қарсы штаб ретінде төтенше жағдай режимінде жұмыс істеді. Пандемия көптеген жоспарға түзету жасағанымен, ол мемлекеттің жалпы күнтәртібін түбегейлі өзгерте алған жоқ», - деп жазды Ерлан Карин Telegram аккаунтында

Оның атап өтуінше, билік мәлімдеген реформалар бағдарын жалғастыру үстінде. Саяси реформалардың алғашқы топтамасы жүзеге асырылып, оның аясында бейбіт жиналыстар туралы мүлдем жаңа заң қабыдлданды. 

«Заң бірден жұмыс істей бастады. Сайлау, партиялар және Парламент туралы заңнамаларға да өзгертулер енгізілді. Жаңа нормалар да іс жүзінде жүзеге асырып жатыр. Тәуелсіздік күні қарсаңында Президент келесі жылдың басында-ақ саяси реформалардың кезекті топтамасы қабылданатындығын жариялады. Бұл реформаларға бағдар сақталатындығын және жалғасатындығын білдіреді», - деді ол. 

Президент көмекшісінің атап өтуінше, өтіп бара жатқан жылда қоғамдық-саяси алаңдағы өзгерістер жалғасып тапты. Жаңа қоғамдық тұлғалар мен түрлі белсенді азаматтық топтар пайда болды. Саяси партияларда да буын алмасуы орын алып, жаңа тұлғалар шыға бастады. 

«Сондықтан да пандемия сынды қуатты стресс-тестпен бетпе-бет келген Қазақстанның коронадағдарыстың теріс әсерін төмендете алғаны және өзінің даму күнтәртібін жүзеге асыруын жалғастыруы жылдың жалпы қорытындысы саналады», - деді ол.