Ерлан Қарин Қырғызстанда Алмазбек Атамбаевтың президенттік кезеңін қорытындылаған баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қазақстандық саясаттанушының Фейсбук парақшасындағы жазбасына сілтеме жасап.
«Бүгін Президент Алмазбек Атамбаев баспасөз мәслихатын өткізіп, президент болған кезеңін қорытындылады. Жалпы эмоциялық мазмұнда ойын жеткізгені болмаса, жаңалық болардай ештеңе айтқан жоқ. Атамбаев бір ойы мен бір сөзді ғана қайталай береді. Бірақ әр айтқан сайын сөзін эмоциялық тұрғыда жаңаша қалыппен жеткізеді», - дейді саясаттанушы.
Ерлан Қариннің пікіріне сүйенсек, баспасөз мәслихатының өтетіні туралы алдын ала біршама айтылып, оның 2-3 сағат созылатыны туралы пікірлер болғанымен, Атамбаев өзінің президенттігінің қорытындысы туралы ештеңе айта алмаған, жаңа көрсеткіштерді келтірмей, күтілгеніндей Қазақстан тарапына кезекті мәрте тіл тигізген.
«Бірақ, мұның бәрі әдейі жасалып отыр. Атамбаев антиқазақы мәлімдемелерімен елдің назарын негізгі мәселеден аударуды ойлайды. Себебі нәтиже айтарлықтай көңіл қуантпай тұр - Атамбаев өзінің мұрагеріне көңіл көншітпес мұра қалдыра отырып, президенттік тақты тастап барады. Экономикалық саясатта да ол жағдайды жақсарта алмай, тек елдің жағдайын қиындата түсті. Мемлекеттік бюджеттің жетіспеушілігі 2016 жылы 20 млрд сомды құраған болатын. Бұл Қырғызстан үшін 20 жылдың ішінде ең рекордты көрсеткіш екенін айта кеткен жөн. Атамбаев президент бола бастаған 2011 жылдан бері бюджеттің жетіспеушілігі 50 пайыздан асып кетті. Бұған қоса жетіспеушілікті ішкі қаржы көздері есебінен жабу бойынша көрсеткіш 6,5 млрд сомды құраған болатын. Ал қазір ол сан 19 млрд сомға жетті», - дейді ол.
Ерлан Қарин өз сөзінде басқаша айтқанда, кетіп бара жатқан президент жетіспеушілікті жабу үшін (75 пайызын) сыртқы қаржы көздерін пайдалана отырып, мемлекеттің қарызын өсіріп жібергенін айтады. Ал мемлекеттік қарыз Қырғызстанда Жалпы ішкі өнімнің 62 пайызын құрап отыр. Бұл да соңғы 25 жылдағы рекордтық көрсеткіш.
«Осыдан-ақ Қазақстанның нақты мақсатты қажеттілікке бермек болған 100 млн долларынан Атамбаевтың неге бас тартқанын аңғаруға болады. ЕАЭО-ның ортақ стратегиясы үшін, яғни фитосанитарлық және кедендік бақылауды күшейту мақсатында бөлінгелі отырған қаражатты Атамбаев пен оның командасы бюджеттің жыртығын жамау үшін қолданбақ болған. Бұның іске аспайтынын білгеннен кейін олар циркке ұқсас қойылымды ұйымдастырып жіберді», - дейді Ерлан Қарин.
Саясаттанушы сонымен бірге, саяси тұрғыда да Атамбаев президенттігінің қорытындысы біркелкі еместігін білдірді.
«Саяси алаң бір-бірінен ауытқып қалды, ол барлық оппоненттерін саяси кеңістікке ысырып тастады. 2010 жылы өзі бірге Сәуір төңкерісін ұйымдастырған жақтастарының барлығымен жанжалдасты. Елде діни радикализм белең алып барады. Қырғызстанның Қазақстанмен ғана емес, бірсыпыра елдермен қарым-қатынасы нашарлай түсті. Бұған қоса ол популистік мәлімдемелер жасай отырып, саналы түрде келесі президенттің жұмысына кедергі келтіріп жатыр. Сондықтан, жалпы қорытындыға «жағымсыз» деп баға беруге болады. Атамбаев бұл мәселелерді шешуге күш салмастан кетіп барады. Ендігі кезекте, осынау Атамбаев «мұраға қалдырған мәселелердің» барлығын мұрагері шешуі керек болады», - дейді Ерлан Қарин.