25 қаң, 2018 сағат 12:44

Ерлан Біләлға қатысты сот отырысы басталды

Алматыда парамен ұсталған театр директорының соты басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басты сот талқылауы Алмалы аудандық сотында 15:00-де басталды.

Сот алдында М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық театрының экс-директоры Ерлан Біләл жауап беріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.

Ерлан Біләлге қатысты ҚР ҚК 366-бабының 2-бөлігімен, 24-бабының 3-бөлігімен айып тағылып отыр.

Айта кету керек, М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық театрының экс-директоры Ерлан Біләл театр ғимаратында 900 мың теңгемен ұсталған болатын.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Алматы облысы бойынша департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, күдікті кінәсін мойнына алғандықтан, кепілмен босатылған болатын.

Кейінірек сот санкциясымен Ерлан Біләл 1 млн 205 мың теңге көлемінде кепіл сомасын төледі.