23 қыр, 2021 сағат 16:41

Ерлан Абдақасов: «Қазақстан халқының бірлігі әралуандықта»



Қазақстан халқының бірлігі - әралуандықта. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде өткен жиында ҚР ПӘ ҚХА хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ерлан Абдақасов осылай деді, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Ерлан Абдақасов өз сөзінде елімізде тұрып жатқан әртүрлі ұлттың тұтастығы мен бірлігі еліміздің ерекшелігі екенін атап өтті. Бұл туралы бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «Nur Otan» Қоғамдық саясат институты ҚР АҚДМ Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтымен бірлесіп, «Этносаралық келісім саясаты: бірлігіміз әралуандықта» тақырыбында Жалпыреспубликалық ғылыми-практикалық конференцияда айтылды.

«Баршаңыз білесіздер, Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің біртұстатығы үшін қызмет етіп келеді. Өздеріңіз байқағандай, бүгінгі өтіп отырған шараның негізгі мақсаты сарапшылар қауымдастығын ағымдағы процестерді, мәдени әралуандықты дамытудың заманауи трендтерін және интеркультурализм саясатын талқылауға тарту және ұлт бірлігін нығайтуға бағытталған ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу. Яғни елімізде қанша халық, қанша ұлт өмір сүрсе де, татулық пен бірлікті насихаттаудан шаршамаймыз. Бұл біздің міндетіміз ғана емес, азаматтық борыщымыз да екенін ұмытпағайсыздар», - ҚР ПӘ ҚХА хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ерлан Абдақасов.

Аталған шараға мемлекеттік органдар, қазақстандық ғылыми-сарапшылық қоғамдастық мүшелері, этносаралық қатынастар саласында маманданған Ресей, Украина және т.б. елдерінің сарапшылары қатысты. Сонымен қатар, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Сарым Айдос, Берік Абдіғалиұлы және ҚР АҚДМ Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Шойкин Ғалым Нұрмағамбетұлы алғы сөз сөйледі.

«Ұлттық мәселелерді депутат болмай тұрып, саясаттанушы ретінде де жиі көтеретінбіз. Ал бүгінде Мәжіліс мінберінен ұлттың, ұлттардың, халықтың сөзін сөйлеуге, мәселелерін көтеріп, шешуге мүмкіндік алдық. Қазақстан көпұлтты мемлекет болғанымен, бір шаңырақ астында, ынтымағы мен бірлігі жарасқан үлкен мемлекетке айналды. Ал Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жетістігіне әрбір азаматының қосқан үлесі зор деп білемін. Біздің ендігі міндет халықтың татулығы мен жарасқан ынтымағын одан әрі сақтап, насихаттай беру. Ал қалғаны сіздер мен біздердің қолымызда», - деді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.

Сонымен қатар, конференция аясында азаматтық қоғамның дамуы, қазақстандықтардың барлық ұрпақтарының азаматтық санасы мен патриоттық сезімінің өсуі, ұлттық этносаясат мәселелері, бірлік пен келісімді нығайту, ынтымақтастық пен толеранттылық, достық пен өзара көмек дәстүрлері, сондай-ақ этносаралық қатынастар саласындағы практикалық міндеттерді шешудің әдіснамасы мен әдістемесін әзірлеу мәселелері талқыланды. Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар пікірлерімен және ұсыныстарымен алмасты.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «Nur Otan» Қоғамдық саясат институты ҚР АҚДМ Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтымен бірлесіп, «Этносаралық келісім саясаты: бірлігіміз әралуандықта» тақырыбында Жалпыреспубликалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Аталған шараға мемлекеттік органдар, қазақстандық ғылыми-сарапшылық қоғамдастық мүшелері, этносаралық қатынастар саласында маманданған Ресей, Украина және т.б. елдерінің сарапшылары қатысты.