12 жел, 2024 сағат 12:54

«Еркекті үйіндегі әйелі құртады»: Белсенді жастар Бағлан Әбдірайымовқа айна сыйлады

Фото: видеодан кадр

Бағлан Әбдірайымовтың "еркекті үйдегі әйелі құртады" деген мәлімдемесіне "Жаңа адамдар" қозғалысының белсенділері ерекше жауап қайтарды. Олар әншіге "Мәселе өзімде" деген жазуы бар айна сыйлады, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл сыйлық актерге өміріндегі қиындықтардың шын мәнінде кімнен туындайтынын түсінуге көмектесуі керек деген ойда белсенділер.

Жақында Бағлан Әбдірайымов көпшілік алдында "Еркекті банкрот болу, арақ, құмар ойын немесе төбелес емес, тек үйдегі әйелі құртады" деген пікір айтқан еді.

"Жаңа адамдар" қозғалысының өкілдері әншіні өз мәселелерінің себебін өзгелерден іздемей, айнаға қарап, тереңірек ойлануға шақырды. Олар, бәлкім, Бағлан Әбдірайымов мәселенің өзінде екенін түсініп, орынсыз мәлімдеме жасауды тоқтатар деп үміттенеді.

"Біз Бағланды осы ерекше сыйлықты Мәңгілік Ел көшесі, В2.2 мекенжайындағы астаналық Кампустен алып кетуге шақырамыз," – деді қозғалыс белсенділері.