25 қаз, 2017 сағат 10:41

Ереванда Қазақстан мен Қырғызстан премьерлері кездесіп жатыр

Армения астанасы Ереванда 25 қазанда Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев пен Қырғызстан премьер-министрі Сапар Исаковтың келіссөзі жалғасады. Кеше олар жабық түрде екі жақты келіссөз өткізген.

Азаттықтың Қырғыз редакциясының Қырғызстан үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, келіссөздің алғашқы күнінде екі жақты ынтымақтастық мәселелері талқыланған. Келіссөз туралы егжей-тегжейлі хабарланбады.

Қазақстандық ресми БАҚ-тың жазуынша, Сағынтаев пен Исаков "екі жақты экономикалық ынтымақтастық, сонымен қатар шекарадағы, көліктегі, фитосанитариялық және ветеринариялық бақылау, кеден және салық қызметін басқару салаларындағы өзара әрекет меселелерін Еуразия экономикалық одағы мен Дүниежүзілік сауда ұйымының ережелері және нормаларына сай" реттейтін жол картасына қол қоюды талқылап жатыр.

Қазақстан мен Қырғызстан премьерлері Еревандағы ЕАЭО елдері үкімет басшыларының жиыны аясында кездесіп жатыр.

Жол картасын құру туралы келісім екі ел премьерлерінің 18 қазанда Астанада өткен кездесуінде жасалған. Ол кезде жол картасын жасауға екі ел бірінші вице-премьерлерінің басшылығымен министрліктер мен ведомстволар басшыларынан жұмысшы тобы құрылған.

10 қазаннан бастап Қазақстан тарабы қырғыз шекарасынан азаматтар мен көліктерді өткізу тәртібін күшейткен. Соның салдарынан Қырғызстанның Чу және Талас облыстарындағы бақылау-өткізу бекеттерінде адамдар мен автокөліктер жиналып, ұзақ уақыт кезекте тұруға мәжбүр болған. Әсіресе тез бұзылатын тағам өнімдерін таситын үлкен жүк көліктерінің жүргізушілері қатты зиян шеккен.