24 ақп, 2022 сағат 10:24

Ердоған Путинге Түркияның Украинаға қатысты ұстанымын айтты


Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 23 ақпанда ресейлік әріптесі Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Екі елдің көшбасшылары Украина төңірегіндегі жағдайды талқылады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Анадолу" порталына сілтеме жасап. 

Ердоған Түркия Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған қадамдарды мойындамайтынын және бұл Анкараның түбегейлі ұстанымы екенін айтты.

Түркия басшысы нәтижелерге Минск келісімдері негізінде қол жеткізу қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, бар проблемалардың күрделенуі, әсіресе әскери қақтығыс ешкімге пайда әкелмейді.

"Анкара дипломатиялық байланыстар мен келіссөздерді жалғастыруға үлкен мән берді және шиеленісті азайтуға, бейбітшілікті сақтауға үлес қосуға дайын", - деп келтірді Ердоғанның сөзін Түркия Президенті әкімшілігінің байланыс басқармасы.

Түркия басшысы Анкараның НАТО аясында сындарлы көзқарастарды ұстанатынын айтып, диалог пен дипломатияның басымдылығын тағы да атап өтті.

Конго мен Сенегалға сапары барысында Ердоған Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердің тезірек қайта басталуына үміттенетінін айтты.

"Түркия Украинаның аумақтық тұтастығына ден қояды, мен оны президент Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескен кезде де айттым. Біз Минск келісімдеріне қайшы келетін кез келген бастаманы мойындамаймыз. Бұл ретте, жағдайдың одан әрі шиеленісуіне жол бермеу үшін дағдарысты дипломатия және диалог жолымен шешу үшін бізге байланысты барлық нәрсені жасауға дайынбыз", - деді түрік басшысы.

Ердоған сонымен қатар, Путиннің КСРО-да республикаларды бөлу құқығын "баяу жарылатын мина" деп атаған сөздеріне пікір білдірді. 

"Мұнда түркітілдес мемлекеттер туралы айтқан жоқ деп ойлаймын, бірақ олар да бір кездері Кеңес республикаларының құрамына кірді. Кеңес Одағының ыдырауы аясында 15 мемлекеттің тәуелсіздік алуы - тарихи және құқықтық факт. Ресей Кеңес мемлекеті ретінде емес, Ресей Федерациясы ретінде өмір сүруді жалғастырды. Сондықтан біз бұл сөздер түркі республикаларына немесе басқа мемлекеттерге қатысты деп ойлағымыз келмейді", - деді ол.

Ердоған түркі мемлекеттерінің ұйымы қандай да бір елге немесе ұйымға қарсы бағытталмағанын атап өтті.

"Путин мырза да мұны біледі және ол бұл туралы Украинаның шығысындағы сепаратистік құрылымдарды тану туралы сөйлеген сөзінде айтты. Түркия бұл мәселеде Қырым бойынша ұстанымына берік болады. Бұл туралы Түркия билігінің мәлімдемесінде нақты айтылды, онда Украинаның тұтастығын сақтау және Ресейдің ұстанымы қабылданбады", - деді Түркия президенті.

Сонымен қатар, Ердоған Түркия Ресеймен немесе Украинамен диалогтан бас тартпайтынын айтты. "Біз осы елдермен байланыстарға нұқсан келтірмей, мәселені шешетін қадамдарға күш саламыз", - деп түсіндірді ел басшысы.