Ақордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Республикасының басшысы Реджеп Тайып Ердоған екіжақты кездесу өткізді. Сол кезде Ердоған қазақ жеріне жасаған алғашқы сапарын еске алды, деп xабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
"Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастардың 25 жылдығы аясында ресми сапармен келіп отырғаныма өте қуаныштымын. Мен өзім Қазақстанды алғаш рет Алматы қаласы арқылы таныған едім. Содан бері көп нәрсе өзгерді. Астана құрылды. Бұл - біздің екінші үйіміз. Қазақстанға келсек, өз үйімізде жүргендей сезінеміз", - деді Реджеп Тайып Ердоған.
Түркия басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстан мен Түркия экономика, мәдениет, саясат, әскери сала және басқа да бағыттарда тығыз қарым-қатынастарды дамытып келеді. Екі елдің сауда айналымы 2 млрд доллардың шамасында. "Әрине, бұл көрсеткіш біз үшін жеткіліксіз. Бұрын келіскендей, сауда-саттықты 5 млрд-қа жеткізуіміз керек. Ол үшін экономикалық мүмкіндігіміз бар", - деп атап көрсетті Ердоған.
Айта кетейік, Түркия президенті Қазақстанға аймақтық мәселелерді, Сирия мәселесін реттеу саласындағы жұмыстары үшін өз алғысын жеткізді.