11 қыр, 2017 сағат 07:52

Ерден Қажыбек: Әліпби ауыстырудан саяси астар іздеушілер қателеседі

Бүгін Мәжілісте өтіп жатқан «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау кезінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек баяндама жасады.

«Бұл тек қана тілдің реформасы емес – діл реформасы, жанымыздың жаңғыруы, маңызды стратегиялық бағдарлама. Бұл – болашағымыздың тізгінін өз қолымызға алудың, Президент сөзімен айтсақ, «болашаққа бағдар», «рухани жаңғырудың» өзегі, Қазақстанның 30 дамыған елдің қатарында сап түзеуінің жарқын кепілі», - дейді ол.   

Оның айтуынша, біздің әліпби ауыстыруымыздың негізгі себебі – таза тілдік қажеттілікке тікелей байланысты. «Бұдан саяси астар іздеушілер қателеседі», - дейді Тіл білімі институтының директоры.

«Алфавит қабылдау – айсбергтың ұшы, қыруар жұмыстың бастамасы, алғышарты ғана. Елбасы атап өткендей, алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс.

Атап айтсақ, олар жаңа қазақ жазуының –

ü фонетика-фонологиялық негіздерін жаңадан түзіп шығу;

ü латын графикасы негізіндегі әліпби бойынша қазіргі қазақ жазуының орфографиялық ережелерінің нобайын әзірлеу;

ü жаңа әліпби негізінде терминдік, ономастикалық, ескі жазба кітаби лексикалық бірліктердің заңдылықтарын іріктеп, бекіту;

ü жаңа ұлттық  әліпбиді үйретуге арналған оқулықтарды, меңгертуге арналған әдістемелік оқу құралдарды дайындау;

ü тәжірибелік-үйлестіру және біліктілікті арттыру дәрістер жүйесін қалыптастыру;

ü мектепке дейінгі, орта және жоғары білім беру мекемелері, әдістемелік-үйлестіру, ғылыми, білім беру ұйымдарының оқушы-мұғалімдерін даярлау;

ü жазу реформасының ұлттық және мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі мен болашағына игі әсер ететін механизмдерді анықтап, енгізу;

ü мемлекеттік тіл саясатының тиімділігін арттыру мәселелерін ұйымдастыру;

ü автоматты түрде кирилл жазуынан латын графикасына өзгеретін әрі латын жазуын жедел түрде үйретуге бағытталған мобилдік қосымшалардың  ІТ бағдарламалар кешенін дайындау; 

ü ғылымның әр саласына арналған бір тілді, екі тілді, көп тілді сөздіктерді жасауды және т.б. іс-шараларды зерттеу, сараптау, бекіту, іске асыру», - деп, атап көрсетті Ерден Қажыбек мырза.