Еуроодақтың атқарушы органы - Еуропа комиссиясы коронавирус індетінің жайылуын тежеу үшін одақтың визасыз аймағында қозғалысқа шектеуді кемінде 15 мамырға дейін ұзартуға шақырды.
Еуропа комиссиясының вице-президенті Маргаритис Схинас 8 сәуір күнгі мәлімдемесінде одаққа мүше елдердің әлеуметтік оқшаулану шараларын сәтті жүзеге асырғанын атап өтіп, шектеу шараларын жалғастырудың маңызына тоқталған.
"Алғашқы нәтижесін де көріп отырмыз, сол себепті саяхаттауға шектеу мерзімін ұзарту індеттің жайылу қаупін азайту үшін қажет" деді ол.
Қазір Еуропа Одағы азаматтары, одақ резиденттері, ЕО азаматтарының отбасы мүшелері, транзиттік жолаушылар, дипломаттар, денсаулық сақтау саласы мамандары, гуманитарлық сала өкілдері, отбасы жағдайына байланысты жол жүруге мәжбүр азаматтар ғана одақ аумағына кіре алады.
Бұған дейін Еуроодақтың кейбір мүшелері коронавирустың экономикаға ықпалын азайту үшін шектеу шараларын біртіндеп азайтатынын мәлімдеген еді. Алайда одақтың өзге мүшелері шектеу шараларын азайтса, вирус бұдан да жылдам тарап, мәселе бақылаудан шыға ма деп қауіптенеді.
Одақ аумағында коронавирустан 51 мың адам көз жұмған. Вирустан Италия, Испания, Франция қатты зардап шеккен.