Коронавирустың тарауын тежеу үшін Еуропа елдері шектеу шараларын күшейтіп жатыр. 2 қарашадан бастап Германияда кемінде бір айға созылатын жартылай локдаун енгізілді.
Індет басталғалы бері коронавирустан қайтыс болғандар саны 10 миллионнан асты.
АҚШ-тың бас инфекционист дәрігері Энтони Фаучи АҚШ-ты "ұзақ та қаһарлы қыс күтіп тұр" деп мәлімдеді.
"Бізді алда әлі талай ауыртпалық күтіп тұр. Асылы, жұлдызымыз оңынан туып тұрған жоқ. Күзгі һәм қысқы кезеңге өткенде адамдар үйдің, яки бір объекттің ішіне шоғырланады. Бәлкім, сіз бұдан қиын жағдайға тап болмаған да шығарсыз" деді Фаучи Washington Post газетіне берген сұхбатында.
Президент сайлауына санаулы күн қалғанда Дональд Трамп "АҚШ бәлкім, індеттің үшінші толқынын өткеріп жатқан болар, бірақ қауіпті сәттердің бәрі артта қалды" деп сендіруге тырысты.
АҚШ-та індет басталғалы бері 9,28 млн адамнан коронавирус анықталып, 230 937 науқас қайтыс болған. Америка коронавирус жұқтырғандар мен Covid-тен қайтыс болғандар саны жағынан да әлемде бірінші орында тұр. Елде ауруханаға түскендер мен адам өлімі көбейіп жатыр.
Еуропада науқастар санының жылдам артуы медицина мекемелеріне салмақ түсіріп, билікті шараларды қатаңдатуға итермелеп отыр. Аймақта күн сайын 240 мыңнан астам науқас тіркеліп жүр. Еуропаның оннан астам елінде ауруханаға жатқызылғандар саны рекордтық көрсеткішке жеткен.
30 қазанда Франция локдаун енгізген.