Өзін маркетолог және продюсер деп таныстырған 32 жастағы келіншек Ұлболсын деген есімін Айша деп ауыстырғанын хабарлады. Оның бұл әрекеті көпшіліктің назарын аударып, алуан түрлі пікірге ұласты деп хабарлайды Ult.kz.
Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына ХҚКО-да құжаттарымен отырғанын камераға түсіріп, "Енді мен Айша Рахымжанқызымын" деп жазба жариялады.
Фото: Видеодан скриншот
Бастабында ол таныстары білсін деген ниетпен тек аты-жөнін өзгерткені туралы рилс жариялаған, біраз уақыттан кейін видеоны өшірмек те болған. Бірақ видео көп қаралым жинап, көпшілік оның таңдауын қолдағандықтан өшірмепті.
"Сол үшін алғыс айтамын — тіпті бейтаныс адамдардың қолдауы да күш пен сенім береді екен. Мүлде танымайтын адамдардың мен үшін қуанып жатқанын көру — өте жағымды сезім. Әрине, сын айтқандар да бар — дін мен қазақ дәстүрін қозғайтындар бар. Көптеген қыздардан хат алдым, олардың есімдері де «Ұл» деп басталады екен, және олар да өз аттарын өзгерткісі келетінін жазды. Олар менің мысалымнан «ешқашан кеш емес, ұнамайтын нәрсені өзгертуге болады» деген үміт көрді.
Көпшілігі ата-анасына реніштерін де жазды. Сол кезде мен бір үлкен мәселені байқадым: кейде ата-аналар өздері байқамай, қыз баланың бүкіл болашағына, ішкі күйіне, мінезі мен өмірлік ұстанымына әсер ететін шешім қабылдайды екен.
Сондықтан мен видеоны өшірмеймін. Керісінше, өмірде өзгерістерден қорықпауға шабыт беретін адам болуға тырысамын. Көп адам құжат рәсімдеудің машақаты мен шығынынан қорқып, атын өзгертуге батпайды. Бірақ не маңыздырақ: бірнеше сағат уақытың мен бірнеше ондаған мың теңгені үнемдеу ме, әлде ішкі тыныштық пен қанағат табу ма? Меніңше, жауабы айқын", - деп жазды ол өзінің жазбасында.
