28 қар, 2017 сағат 12:05

Еңбек министрлігі жұмыс үстінде қанша адамның өмірі қиылатынын жариялады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жұмыс үстінде қанша қазақстандықтың өмірі қиылғаны туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Егер жыл сайынғы статистикаға сүйенсек, 1 500-ден астам жұмысшы өндірісте жарақат алады, 250-ге жуық адамның өмірі қиылады. Сонымен бірге осындай  жарақаттардың 16 пайызы - құрылыс саласына, 15 пайызы тау-кен металлургия саласына тиесілі», - деп атап өтті министр Үкімет отырысында.

Айта кетейік, Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек  бүгінде министрліктің қадағалауында 230 мыңнан аса қауіпті өндірістік нысанды қамтитын 9 мыңнан аса кәсіпорын бар екенін атап өтті.  Осы орайда жерасты кеніштері мен көмір шахталары, карьерлер мен разрездер, мұнай және газ өндіру кен орындары, металлургия, сондай-ақ химия, мұнай өңдеу зауыттары, атом өнеркәсібі, магистральдық құбырлар қамтылған.

Ведомство басшысының айтуынша, соңғы жылдарда қауіпті өндірістік нысандардың апатсыз жұмысы бойынша  оң қарқын байқалуда.

«Осылайша, 2016 жылғы апаттардың саны 2008 жылмен салыстырғанда 60  пайызға (58-ден 23 апатқа) азайды. Апат нәтижесінде зардап шеккендер саны 4 есеге (102 адамнан 28 адамға) төмендеген», - деді Жеңіс Қасымбек.

Ағымдағы жылдың 10 айы ішінде республиканың қауіпті өндірістік нысандарында 11 апат орын алды, ал 2016 жылдың дәл осы кезеңінде 14 апат болған (21 пайызға төмендеді).  Салдарынан 12 адам зардап шегіп, 4 адам қаза тапты.