05 ақп, 2020 сағат 12:50

Еңбек министрлігі өткен жылғы жұмыспен қамтудың қорытындысын шығарды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2019 жылда нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың қорытындысын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осы орайда Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев іске асырылған жұмыстарды баяндады.

Оның сөзіне қарағанда, 2019 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 424 мың жаңа жұмыс орны құрылған, бұл жылдық жоспардан 14 пайызға жоғары. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарының саны 280 мыңды немесе 66 пайызды құрады. Экономикалық қызмет түрлері бөлінісінде жұмыс орындарының ең көп саны мынадай салаларда құрылды: көтерме және бөлшек сауда – 44 мың, құрылыс – 43 мың, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 39 мың.

Бірінші вице-министр 2019 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру қорытындысы туралы айта келе, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге ықпал еткенін айтты. Оның деңгейі 2018 жылғы 4,9 пайыздан 4,8 пайызға дейін төмендеп, соның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8 пайызға қысқарды.

«2019 жылы мемлекеттік бағдарламаны қаржыландыруға 178 млрд теңге бөлінді. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 660 мың адам қамтылды, оның 261 мыңы немесе 40 пайызы – жұмыссыздар, 36 пайызы – жастар, 2 пайызы – табысы аз көпбалалы отбасылар. 2019 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 449 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның 383 мыңы немесе 85%-ы тұрақты жұмыспен қамтылды», – деді ол.

Жылқыбаев мемлекеттік бағдарламаның бірінші бағыты жастарға техникалық және кәсіптік білім беруді, жұмыссыз азаматтардың кәсіптік дағдылары мен біліктіліктерін қысқа мерзімді курстар арқылы жетілдіруді қарастыратынын еске салды.

«2019 жылы 22 мың жас лицейлер мен колледждерге техникалық және кәсіптік білім алуға қабылданды. Мемлекеттік бағдарламаға қатысушыларға шәкіртақы, бір реттік ыстық тамақ және жол жүруге қаржылай көмек көрсетіледі. 57 мың адам (25 мың жұмыссыздар, 17 мың өзін-өзі жұмыспен қамтығандар) қысқа мерзімді курстарға жіберілді, олардың ішінде 50 мың адам оқуды аяқтады. Оқуды бітіргендердің 75%-ы тұрақты жұмысқа орналастырылғанын атап өткен жөн», – деді бірінші вице-министр.