20 мам, 2021 сағат 14:10

Еңбек қауіпсіздігін сақтамаған 207 лауазымды адам қызметінен босатылды


2020 жылы еңбек қауіпсіздігін сақтамаған 207 лауазымды адам қызметінен босатылды. Бұл туралы Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары – ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары 4 439 тексеру жүргізді. Олардың барысында 7 260 бұзушылық анықталды. Оның ішінде еңбек қатынастары саласында – 5 001, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 2 096, халықты жұмыспен қамту бойынша – 163. Еңбекті қорғауға байланысты заңнаманың негізгі бұзушылықтары жұмыскерлерді қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз етпеуден, қауіпсіз еңбек тәсілдеріне үйретпеуден, жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен, арнайы киіммен және арнайы аяқкиіммен қамтамасыз етпеуден, еңбекті қорғау жөніндегі қызметтің немесе жауапты адамның болмауынан көрінді», - деді Төлеген Оспанқұлов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында. 

Оның атап өтуінше, тексерулердің қорытындысында жұмыс берушілерге 2 614 ұйғарым беріліп, 182,2 млн теңге сомасына 1 090 айыппұл салынды.

ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы сондай-ақ жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларының нақты күйін жалпы бағалау және аттестаттау нәтижелері бойынша еңбекті қорғау жөніндегі іс-шаралар кешенін қолдану мақсатында 2020 жылы 3 397 өндірістік нысан аттестаттаудан өткенін айтты. 

«Анықталған бұзушылықтарды жойғанға дейін мемлекеттік еңбек инспекторлары 207 лауазымды адамды атқарып отырған қызметтерінен босатты. Мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбекті қорғау талаптарын бұзу фактілері бойынша құқық қорғау органдарына 1 234 материал жіберді, олар бойынша 173 қылмыстық іс қозғалды», - деді ол.