Алматылық 25 жастағы Мәди Ахметов Мәжілістің ең жас депутаты болды. Бірақ әлеуметтік желілерде қазақстандықтар оның тым жас екенін айтып, сынға алып жатыр. Депутат Tengrinews.kz агенттігіне берген сұхбатында қазақстандықтардың сынына жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Сол жиналыста залда жастар тобы отырды, алматылық жастар да, жасотандықтар да болды. Мен олардың атынан сөйледім. Сол кезде мен "Жас Отанның" төрағасы қызметінде болған едім. Сондықтан бұл маған осы жастардың атынан сөйлеуге мүмкіндік береді. Мені бүкіл Қазақстан атынан сөйледі дегені тым асыра айтылған", - дейді Ахметов.
Осы ретте жас депутат оған осы қызметке келуге біреудің көмектескені туралы пікірге жауап берді.
"Мен ол жаққа қандай да бір бизнес-жобалар немесе қандай да бір заңды алға тартып, оны дамыту үшін бармаймын. Мені ағашка немесе көкешка қолдамайды. Бұл - зор жауапкершілік. Мен ол үшін бар білімім мен күшімді саламын.
"Nur Otan" партиясында мен - ең жас депутатпын, бірақ менің 30 жасқа дейінгі әріптестерім бар. Мысалы, Ернұр Бейсенбаев, Вера Ким және басқалар. Біз бір-бірімізді қолдаймыз деп үміттенемін. Стереотипті өзгерту керек. Содан кейін біз "жастарға жол" дейміз, ал жастар келгенде "ол тым жас" деп бастаймыз", - дейді депутат.
Мәди Ахметов жаңа лауазымда қазақстандық жастардың мәселелерімен айналысуды жоспарлап отыр екен.
Мәди Ахметов 1995 жылы 18 қыркүйекте Алматыда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналистика факультеті бойынша аяқтаған. Мәжіліс депутаты лауазымына тағайындалғанға дейін ерікті болған, "Жас Отан" Жастар қанатының Алматы қалалық филиалының төрағасы лауазымында жұмыс істеген.
1710 рет оқылды