Тәжікстанды 28 жылдан бері басқарып келе жатқан Эмомали Рахмон ант беріп, бесінші рет президент қызметіне кірісті. Инаугурация рәсімі 30 қазанда үкіметтің "Кохи Сомон" резиденциясында өтті.
Инаугурация кезінде Рахмон алдағы 7 жыл ішінде Тәжікстан энергетикалық тәуелділіктен толық құтылып, коммуникациялық тығырықтан шығады, транзиттік елге айналады деп мәлімдеді. Елдің азық-түлік қауіпсіздік мәселесі де стратегиялық міндет болып қала береді деді.
Тәжік президенті ант бергеннен кейін парад өтіп, оған 7 мыңнан астам әскери қызметкер қатысқан.
Осыған дейін Тәжікстан орталық сайлау комиссиясы 11 қазанда өткен президент сайлауында 68 жастағы Эмомали Рахмон 90 пайыз дауыс алып, жеңіске жетті деп хабарлаған. Орталық Азиядағы ең кедей мемлекетті 1992 жылдан бері басқарып отырған Рахмон осымен бесінші президент сайлауының жеңімпазы атанып отыр.
Батыс бақылаушылары бұған дейін Тәжікстанда өткен сайлаулардың ешбірін еркін, әділ сайлау деп таныған емес. Рахмон постсоветтік елдер арасында билікте Беларусь президенті Александр Лукашенкодан да ұзақ отырған автократ басшы ретінде танымал.
Соңғы президент сайлауына Рахмонға шынайы қарсылас саналатын талапкерлер қатысқан жоқ.