Қазақстанның Оскар комитетінің шешімімен Эмир Байғазиннің «Өмір» фильмі «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясы бойынша америкалық киноөнер академиясының «Оскар» сыйлығына ұсынылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Байғазиннің жаңа картинасының әлемдік премьерасы беделді Торонто кинофестивалінің «Заманауи әлемдік кино» секциясында өтті.
95-ші рет берілетін америкалық киноакадемия сыйлығына үміткерлердің тізімі 2023 жылғы 24 қаңтарда жарияланады. Рәсімнің өзі 2023 жылғы 12 наурызда өтеді.
Айта кетейік, фильм үш жыл бойы Алматыда, Түркістан облысында, Ақтауда және Тайландта түсірілген. Басты рөлді Еркебұлан Тасынов сомдаған. Байғазиннің өзі сценарист, режиссер, оператор, продюсер қызметтерін атқарды.
«Бұл фильмнің идеясы мен тарихы осыдан тура он жыл бұрын алғашқы фильмімді түсіруге дайындалып жүргенімде келді. Кейіпкердің басынан өткен қиындықтарға қарамастан, мен бұл оқиғаны өмірге деген сүйіспеншілікке толы деп санадым», - деді режиссер.
Эмир 2013 жылы түрлі фестивальдерде 25-тен астам жүлде алған «Үндестік сабақтары» фильмімен әлемдік кино сахнасына шықты. Солардың ішінде Берлин кинофестивалінде Қазақстан үшін тұңғыш рет «Күміс аю» болды. Одан кейін «Жаралы періште» мен Батыс жұртшылығы жақсы көретін «Өзен» шықты. Ол фильмнің әлемдік тұсаукесері 75-ші Венеция кинофестивалінің «Көкжиек» бағдарламасында өтіп, Байғазин «Үздік режиссер» атанды.