17 қаң, 2022 сағат 20:47

Эльвира Әзімова жаппай тәртіпсіздіктер кезінде жоғалғандар туралы пікір білдірді


ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова Алматыдағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде жоғалып кеткен тұрғындар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлеуметтік желіде жоғалған азаматтар туралы хабарламалар бар. Олардың қатарында медициналық мекемелерге келген немесе ұсталғандардың қатарында болған адамдар да бар», - деді Эльвира Әзімова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің айтуынша, Ішкі істер министрлігінің ресми бөлімшелері мен Бас прокуратураның ресми өкілдері мұның себебін ақпараттық жүйелердің істен шығуынан деп түсіндірген. 

«Тиісінше, ұсталғандардың жеке басын анықтау үшін уақыт әдеттегіден көп жұмсалды. Алматы мен Нұр-Сұлтандағы арнайы мекемелерге бару көрсеткендей, тәртіпсіздік күндері ақпараттық жүйенің істен шығуына байланысты ұсталған көптеген адамның жеке басын куәландыратын құжаттары болмаған және олардың туыстарына жаппай тәртіпсіздіктің алғашқы күндері хабар берілмеген», - деп түсіндірді Эльвира Әзімова.