Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі Украинадан елімізге келе жатқан жүк көліктерінің жүргізушілеріне көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Украина аумағында басталған әскери шиеленіске байланысты қазақстандық алысқа қатынайтын көлік жүргізушілері қиын жағдайға тап болды.
«Украинадан Қазақстанға келе жатқан 10 жүк көлігін Ресей шекарашылары Брянск облысындағы Троебортное өткізу пункті аумағында тоқтатты. Белгілі себептермен олардың кері қайтуға мүмкіндіктері болмаған.
Логистикалық қақпанға 11 жүргізуші түсіп қалды: олардың жетеуі Қазақстан азаматтары, тағы төртеуі басқа мемлекеттердің азаматтары», - делінген СІМ хабарламасында.
Мәлім етілгендей, жүргізушілер Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің жедел желісіне хабарласып, көмек сұраған.
«Дипломаттардың Ресейдің құзыретті органдарымен жүргізген келіссөздерінің нәтижесінде көліктерді өткізу мәселесі шешілді. Қазіргі уақытта жүк көліктері Қазақстанға жолға шықты», - деді сыртқы саясат ведомствосынан.
ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарын Украинадан елімізге оралуын ұйымдастыру бойынша жұмысты жалғастыруда.