2021 жылғы 5 мамыр мен 24 маусым аралығында елордадағы жоғары білікті дәрігерлер өңірлерге сапармен барып, жергілікті мамандарға тәжірибелік және әдістемелік-консультациялық көмек көрсетеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«UMC» корпоративтік қорының мәліметінше, олар жоғары мамандандырылған көмекке мұқтаж науқастарды қабылдайды. Шеберлік сабақтарын өткізіп, жергілікті емдеу мекемелерінде күрделі операциялар жасайды. Жалпы, іс-шараның мақсаты – өңірлік денсаулық сақтау жүйесін дамыту арқылы отандық медицинаның сапасын арттыру және жоғары мамандандырылған көмектің тұрғындарға қолжетімділігін арттыру.
«UMC» КҚ-ның «Әйелдер денсаулығы» департаментінің директоры, медицина ғылымдарының докторы, професор, акушер-гинеколог Гаури Бапаева, «Хирургия» департаментінің директоры, медицина ғылымдарының докторы, балалар хирургы Дамир Дженалаев, Ортопедия бөлімінің жетекшісі, медицина ғылымдарының кандидаты, штаттан тыс бас балалар ортопеды Болат Нағыманов, Ревматология бағдарламасының жетекшісі, медицина ғылымдарының кандидаты, педиатр Майкеш Асылбекова, онкогематология бағытының жетекшісі, медицина ғылымдарының кандидаты, онколог Забира Қыздарбекова сияқты жоғары білікті мамандар кіретін «UMC» КҚ-ның алғашқы дәрігерлер тобы 2021 жылғы 5 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында науқастарды қабылдайды.
Ары қарай өз саласының майталман мамандарынан жасақталатын «UMC» КҚ дәрігерлер тобы мамырдың 12-14 күндері Атырау облысына, 19-21 мамырда Ақтөбе облысына, 26-28 мамыр күндері Маңғыстау облысына, маусым айының 1-3 күндері Ақмола облысына, 2-4 маусымда Батыс Қазақстан облысына, 8-10 маусымда Павлодар облысына, маусымның 9-11 күндері Солтүстік Қазақстан облысына, 16-18 маусым күндері Қостанай облысына, 23-24 маусымда Түркістан облысы мен Шымкент қалаларына барады.
Осындай сапарлардың нәтижесінде өңірлік дәрігерлер өз салалары бойынша озық технологияларды меңгеріп, түрлі ауруларға қарсы күресті тиімді жүргізіп, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі арта түседі.
