17 мам, 2021 сағат 22:01

Елордадағы жастар жанжалы: Полиция жағдайды түсіндірді


Елордадағы «Астаналық» сауда үйінің маңында болған жанжалға қатысқан жастардың үстінен әкімшілік іс қозғалды.

Бұл жайында Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

«16 мамыр күні сағат 20:38-де «102» каналына «Астаналық» сауда үйінің жанында жастардың жанжалдасып жатқаны туралы хабарлама түсті. Оқиғаға қатысушылардың барлығы ұсталып, «Байқоңыр» аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Әкімшілік өндіріс қозғалды. Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті азаматтарға қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілік бар екендігін ескертеді», - деді қалалық полиция департаментінен. 

Айта кетейік, Instagram-дағы astanovka98 парақшасында тараған видеода автор қара киімді бойжеткеннің газ баллонын шашып жібергендігін айтады.

Ал бойжеткен болса: «Мен трансгендермін. Жынысымды ауыстырғанмын», дей келе газ баллонын шашпағандығын айтып ақталды.