23 қар, 2020 сағат 12:15

Жарылыс болған дәмханадан 35 газ баллоны шығарылды – ТЖМ

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі елордада жарылыс болған дәмханадан өрт сөндірушілердің 35 газ баллонын алып шыққанын жария етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Министрліктің баспасөз қызметі 2020 жылғы 21 қарашада сағат 12.25-те Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметінің пультіне Шұбар шағын ауданындағы «Halalbrothers» дәмханада газ баллон жарылғаны, салдарынан өрт шыққаны туралы хабарлама түскенін жария етті.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына сағат 12.32-де келген бойда жарылыс салдарынан екі қабатты коттеджге жапсарлас салынған құрылыс пен қазандықтың ішінара қабырғалары және шатыры құлағаны анықталған. Сонымен қатар 20 шаршы метр көлемде жапсарлас салынған құрылыс пен қазандықтың шатыры жанған. Құрылыстың 100 шаршы метр көлемі қирап (жалпы көлемі 600 шаршы метр), жарылыс салдарынан ас үйдің шатыры құлаған. 

«Елордалық құтқарушылар оқиға орнынан 35 газ балонды шығарды. Үйіндінің арасынан 1998 жылы туған қызды құтқарды, ол жабық бас ми зақымын алған. Өкінішке қарай, оқиға орнында дәмханада ыдыс жуушы болып қызмет атқаратын 1968 жылы туған әйел адам көз жұмды», - деп хабарлайды министрліктің баспасөз хатшысы Талғат Уәли. 

Жедел медициналық көмек бригадасы 34 адамды емханаға жеткізген. Оның ішінде 11-і дәрігер қарағаннан кейін үйлеріне қайтарылып, 23-і ауруханаға жатқызылды. Зардап шеккен адамдардың барлығы дәмхана жұмысшылары. Сондай-ақ жарылыс салдарынан 3 автокөлік зиян келтірілді. 

«Көлемі 20 шаршы метр өрт сағат 12.58-де сөндірілді. Авариялық-құтқару жұмыстары сағат 16.59-да аяқталды. Өрттің шығу себептері анықталуда. Оқиға орнында Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД, Апаттар медицинасы орталығының 56 қызметкері мен 14 бірлік техникасы жұмыс жүргізді. Қала әкімдігі және ТЖ департменті адамдар тоңып қалмас үшін КУНГ-көлігі мен автобус жіберілді», - делінген хабарламада. 

Оқиға орнында халыққа психологиялық көмек беру және ақпараттық қолдау үшін қауырт желі телефоны жұмыс істеді 8-7172-24-51-71 и 8-7172-24-51-47. Оған 11 қоңырау түскен. 

Айта кетейік, кеше елордада дәмханалардың бірінде газ баллоны жарылып, 1 адам қаза тапты. Елорда ауруханаларында 23 адам емделіп жатқаны хабарланған болатын. Осы оқиғадан кейін қаза тапқан қыздың отбасына көмек көрсетілетіндігін айтқан Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов Төтенше жағдайлар департаменті мен Полиция департаментіне қаладағы басқа да қоғамдық тамақтану нысандарында өрт қауіпсіздігі ережесінің сақталуын тексеруді тапсырды. 

Ал бүгін қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі жарылыста күйіп қалған 3 адам жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлаған еді.