04 мау, 2021 сағат 19:44

Елордада сусын бөтелкелерін қабылдайтын 15 фандомат орнатылады


Елордада «Керуен» сауда орталығында бөтелкелерді қайта өңдеуге қабылдайтын «Fandobox ecoplatform» автоматы іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Пластикті өңдеуден алынған шикізатты болашақта жаңа қаптама өндірісінде қолдануға болады. Шараға ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев арнайы қатысты. 

«Бүгін елорда тарихындағы маңызды күн деп ойлаймын, 5 маусым – «Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні» өтеді, соның қарсаңында елордада бөтелкелер қабылдайтын бірінші аппарат қойылды. Өз кезегінде біздің министрлік осындай фандоматтар орнатуға көмек пен қолдау көрсетуге дайын», - деді Экология министрі.

Аппаратты орнату туралы бастамаға «Galmart» супермаркеті қолдау көрсеткен. 

«Бұл шараның Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында өткеніне өте қуаныштымыз. Мұндай фандоматтардың болашағы зор деп ойлаймын. Енді табиғатты ластамауға, пластик жинауға мүмкіндік бар. Фандоматтар тұрғындар арасында танымал болатынына үміттенеміз. Біз табиғатқа қамқорлық жасаймыз және қоршаған ортаны таза ұстау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», - дейді Galmart желілерінің бас директоры Мадина Шахбутова.

Аппарат көлемі 0,5-тен 2 литрге дейінгі пластик бөтелкелерді, алюминий банкаларды штрих-кодымен қабылдайды. Олардың ішінде сұйықтық болмауы тиіс. Алдымен қолайлы бөтелкенің немесе банканың штрих-кодын көрсету керек. Бөтелке көрсетілген өлшемдерге сәйкес келсе, аппарат оны қабылдайды. Бірнеше бөтелке немесе банка тапсырғыңыз келсе де, оларды кезек-кезек салу керек.

«Бұл ресейлік компанияның әзірлемесі. Әзірге аппарат Алматы мен Нұр-Сұлтандағы екі сауда-ойын-сауық орталығында орнатылды. Ай соңына дейін «Керуен City», «Talan Towers» сауда орталықтары мен Galmart супермаркеттер желілеріне фандоматтар орнатуды жоспарлап отырмыз. Барлығы 15 фандомат орнатылады», - деді ecoplatform компаниясының директоры Әділет Нұрселинов.

Халықты ынталандыру мақсатында пластикалық бөтелкелерді тапсыратын тұрғындарға бонустар беріледі. Бонусты телефон нөмірі немесе банк картасын тіркеу арқылы жинауға болады. 

«Яғни, Galmart клиенті супермаркеттің мобильді қосымшасын жүктейді, авторизация жасайды және белгілі бір дербес шот ашады, оған сауда-ойын-сауық орталығы аумағында жұмсауға болатын бонустар жинақталады. Сондай-ақ Kaspi-мен де келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Келіссөздер сәтті өтсе, халық экологиялық жобаға көбірек қызығушылық танытар еді», - дейді Әділет Нұрселинов.