Елордада екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне 1 млн теңге көлемінде қаржылай көмек беріледі. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" әкімдікке сілтеме жасап хабарлайды.
Нұр-Сұлтанда қазіргі уақытта екінші дүниежүзілік соғысының 25 ардагері тұрады.
Сонымен қатар басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, яғни Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауға қатысқан әскери қызметшілерге, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне, Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілерге, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының өкілдеріне 20 АЕК (58 340 теңге) көлемінде (708 адам) төлем жасалады.
Сол сияқты жеңілдіктер бойынша екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлеріне теңестірілгендерге, нақтырақ айтқанда екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қызмет еткен әскери қызметкерлерге, фашистік Германияға қарсы соғыс қимылдарына қатысқан адамдарға, Ленинград қаласындағы блокада кезінде жұмыс істеген азаматтарға, концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға, әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедек болған адамдарға және мүгедектігі ата-анасының бiрiнiң радиациялық сәуле алуынан зиян шеккен балалары секілді азаматтарға 35 АЕК (102 095 теңге) көлемінде (415 адам) төлем жасалады.
