14 мам, 2020 сағат 13:38

Елордада қаржы пирамидасын ұйымдастырып, 300 адамды алдаған әйел ұсталды

Елордалық полицейлер «Реальные доходы» атты екі қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларының бірін ұстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.

45 жастағы әйелге қатысты қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды. Ол 2019 жылдың мамырынан бастап қаржы пирамидасын басқарып, елорда тұрғындары мен еліміздің басқа өңірлерінің азаматтарынан алаяқтық жолмен аса ірі көлемде ақша алған. 

Анықталғандай, күдікті WhatsApp мессенджерінде «Реальные доходы 1» және «Реальные доходы 2» атты екі чат ашып, салымшыларға басқа бизнес жобаларда жоғалтқан ақшасын қайтаруға уәде еткен. Адамдар 20 мың және одан да көп көлемде ақша салып, 15 күннің ішінде табысын 100% қайтарып алуға үміттенген. 

Қазіргі уақытта полицияға 40-тан астам зардап шеккен салымшы шағым түсірген. 

Сотқа дейінгі тергеу барысында алаяқтың әрекетінен елімізді әртүрлі өңірінде тұратын 300-ден астам адамның зардап шеккені анықталды. 

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 217-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр, күдікті тергеу изоляторына қамалды.