14 сәу, 2020 сағат 10:20

Елордада карантин режимін бұзған 2,8 мың адам полиция бөліміне жеткізілді

Елордада карантин режимін бұзған 135 адам әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн-брифингте Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің бастығы Ержан Сәденов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Өкінішке орай кейбір азаматтар айтылған ескертулерге құлақ аспай, карантин режимін бұзуда. Түрлі құқық бұзушылық үшін полиция бөлімдеріне 2 838 адам жеткізілді. Оның ішінде 1 770 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қамауға алынғандар - 166, айыппұл салынғандар - 1 126, ескерту алғандар - 408 адам, ал сот қарауында 70 материал бар. Әкімдіктің коммуналдық тұрағына 588 автокөлік қойылды. 36 жүргізуші мас күйінде ұсталып, жүргізуші құқығынан айырылды. 67 жаяу жүргіншіге айыппұл салынды, 135 адам әкімшілік қамауға алынды», - деді департамент басшысы. 

Ержан Сәденовтің дерегінше, блокпосттардың шекарасын бұзғаны үшін 174 адам жауапқа тартылды. Оның ішінде 124 адам қамауға алынды. 

«Карантин режимін бұзушылардың бәрін бірдей ұстау біздің міндетіміз емес. Біздің қызметкерлер азаматтарға күнделікті түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Карантин нормасын бұзғандарға ғана шара қолданамыз», - деді ол.