16 сәу, 2020 сағат 18:40

Елордада карантин басталғалы 792 автокөлік айып тұрағына жіберілді

Ел астанасында карантин режимі ұзартылды. Нұр-Сұлтан қалалық жол полициясы қала тұрғындарына карантин режимін сақтау керектігін ескертеді.

Кез-келген құқықбұзушылық үшін жауапкершілік қарастырылған. Азаматтарға жақын маңдағы азық-түлік дүкені, дәріханаға баруға, медициналық қызмет алу мен рұқсат етілген жұмысқа баруға болады. Басқадай жағдайда үйден шығуға тыйым салынған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" полиция департаментіне сілтеме жасап. 

Өткен тәулікте, яғни 15 сәуірде 139 азамат әкімшілік жауапқа тартылды, олардың үшеуі тұтқындалып, 85-не айыппұл салынды, 32 азаматқа ескерту жасалса, 19 іс сот қарауында жатыр. 

Әртүрлі әкімшілік жауапқа тартылған 106 автокөлік коммуналдық тұраққа жіберілді. Карантин режимі басталғалы бұл сан 792-ге жетті. 

Жалпы карантин басталғалы 2 мыңнан астам адам әкімшілік жауапқа тартылды, олардың 183-і қамауға алынып, 1330 азаматқа айыппұл салынды, 472 ескерту жасалып, 65 материал соттың қарауында жатыр. 

Қала аумағы көшелердің шекарасы арқылы шаршы алаңдарға бөлінген. Әрқайсысында тәртіп сақшылары жағдайды бақылап тұр. Қалада 26 мобильдік пост орнатылған. 

«Полиция қызметшілері енгізілген шщектеулерге байланысты тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Төтенше жағдай режимін бұзған адамдар заңға сәйкес жазаланады», - делінген ПД хабарламасында.

Бірнеше рет ескерту жасалып, тұрғындармен алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанына қарамастан көпшілік бұл талапқа селқос қарайды. 

«Құрметті қала тұрғындары, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында карантин режімін сақтауды талап етеміз. Өткізіліп жатқан шараларға түсіністікпен қарап, полиция қызметшілерінің заңды талаптарын орындап, инфекцияның алдын алуда оларға қолдау көрсетулеріңізді сұраймыз. Барлық шаралар сіздің және жақындарыңыздың денсаулығы үшін қолға алынды», - деп атап өтті полиция өкілі.