06 мам, 2021 сағат 18:46

Елорда әуежайында Ashyq қосымшасы енгізіледі


Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында 10 мамырдан бастап Ashyq қосымшасы арқылы жолаушыларға рұқсат беру жобасы енгізілуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" халықаралық әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жобаны 12 мамырдан бастап толыққанды іске қосу жоспарланып отыр. Мобильді қосымшаны ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жалпы базасымен интеграциялау арқылы жолаушының қазіргі уақытта вирустың тасымалдаушысы ма, жоқ па деген мәртебесі айқындалады. Яғни жолаушылар мен әуе компаниялары мен әуежай қызметкерлерінің қауіпсіздігі үшін қабылданып жатқан санитариялық шараларға (маска, термометрия, желдету және т.б.) қосымша бақылау қамтамасыз етіледі. 

Термометрия (дене қызуын қашықтан өлшеу) Covid-19 белгілерінің бірін анықтауға көмектеседі (дене температурасының жоғарылауы), ал Ashyq қосымшасы жолаушылар мен қызметкерлерге қосымша қауіпсіздік кепілі болмақ. 

Осыған байланысты, барлық жолаушылардан әуежайға келгенге дейін алдын ала қосымшаны жүктеп алып, өз мәртебесін тексеру сұралады. Терминал ғимаратына сары және қызыл мәртебелі жолаушыларға кіруге рұқсат берілмейді. Рейске жіберілмеген жағдайда, қаражатты қайтару бойынша сұрақтарды әуе компаниялары қарастырады. 

Естеріңізге сала кетейік, 17 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тапсырыс берген Ashyq мобильді қосымшасы шағын және орта бизнестің жеке нысандарына қолжетімділікті қамтамасыз етті.