Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов дарынды балалармен – халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегерлерімен, жеңімпаздарымен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Биылғы оқу жылында елордалық оқушылар жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық деңгейде 400-ден астам және республикалық деңгейде 900-ге жуық медаль жеңіп алды.
«Елордада 190 мыңнан астам оқушы білім алатын 130 жалпы білім беру мекемесі бар. Адами капиталды дамыту және балаларымыздың одан әрі дамуы үшін жан-жақты жағдай жасау маңызды. Себебі қазіргі уақыт өте қызықты және бәсекеге толы. Бүгінгі заман өз елінің тағдыры үшін жауапкершілікті мойнына ала білетін, бәсекеге қабілетті, жігерлі, талантты, белсенді жастардың уақыты», - деп атап өтті елорда әкімі Алтай Көлгінов.
Сонымен қатар, 14 жыл бойы елорда құрамасы жалпыкомандалық есепте 1-орынды иеленіп, «Үздік команда» атанды. Бұл елордалық білім беру жүйесінің жоғары деңгейін көрсетеді.
«Жыл бойы қашықтан оқыдық. Оңай болған жоқ. Алайда мұғалімдердің еңбегінің арқасында бұл қиындықты да өткердік. Ұстаздарымыз да бізге сенім артты. Өзім математика пәнінен олимпиадаға қатысып, үшінші орын алдым. Болашақта математика пәнінің мұғалімі болғым келеді», - деді дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Керімхан Әлбар.
Биыл елордада 16 ірі габаритті мектеп салынады, осының нәтижесінде 40 мыңнан астам жаңа оқушы орны құрылады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.
Бірқатар мектепте инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды.
Мектептерді салу мен жөндеуден бөлек, қосымша білім беруді дамытуға да ерекше көңіл бөлінеді. Елордада техникалық шығармашылық орталығы («Теміржолшылар» ТМ), М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы көпбейінді қосымша білім беру орталығы ретінде жұмыс істейді. Осы қосымша білім беру орталықтарында робототехникамен, авиамодельдеумен, техникалық дизайнмен, қолөнермен, мотокросспен және т.б. айналысу үшін барлық жағдай жасалған. Биыл қосымша жаңа Оқушылар сарайы ғимаратының құрылысы басталады.
Аула клубтары да балаларды қосымша біліммен қамтуға көмектеседі. Бүгінде Нұр-Сұлтанда 28 аула клубы жұмыс істейді, ал онда үш мыңға жуық бала білім алады.
Осы шаралардың бәрі балаларға спорттық, шығармашылық және зияткерлік әлеуетті іске асыруға мүмкіндік береді.
