Нұр-Сұлтан қаласы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқарамасы басшысының орынбасары Жанна Пралиева БАҚ өкілдеріне қаладағы эпидахуал туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазір біз науқастар санының тез арада көбейгенін «омикронның» пайда болуымен байланыстырып отырмыз. Өйткені кешегі күнді өздеріңіз көріп отырсыздар 1442 жағдай тіркелді. Егер желтоқсан айында 2700 жағдай тіркелсе, кейінгі 10 күннің ішінде 4622 жағдай тіркеліп отыр. Яғни 1,7 есе артқанын көреміз», - деді ол БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Сондай-ақ, маман елордада «омикронның» алғашқы жағдайы қалай анықталғанын баяндады.
«Қазіргі кезде, өздеріңіз көріп отырғандай, Нұр-Сұлтан қаласныдағы эпидемиологиялық жағдай күрделі болып тұр. Бұл Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінде айтылғандай, «Омикрон» Sars-Cov-2» штамының анықталғанына байланысты. Қазір екі айда бір рет генетикалық-молекулярлық зерттеу жасалып отырады. Ол жерге біз оң нәтижелі сынамаларды тексеруге жібереміз. Ең соңғы рет желтоқсан айының соңында 25 сынама жіберген болатынбыз. Соның ішінде бір сынама оң нәтиже көрсетіп отыр. Яғни «омикрон» штамы бар деген сөз. Ол біздің қаланың тұрғыны, шетелден 16 желтоқсан күні келген. Бірақ келген кезде оның ПТР-тест нәтижесі теріс болған. Бірақ 22 желтоқсанда денсаулығы кішкене нашарлап, тамағы ауырып, медициналық көмекке жүгінген. Сол жерде оң нәтиже көрсеткен. Сол сынаманы біз қосымша зерттеуге жіберген болатынбыз, «омикрон» штамын көрсетіп отыр», - деді Жанна Пралиева.