17 шіл, 2020 сағат 12:36

Еліміздің бірқатар өңірінде көшеде, дүкенде дәрі сатқандар ұсталды

Еліміздің бірқатар өңірінде көшеде, дүкенде дәрі сатқандар ұсталды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Парасаттылық департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Анықталған келесі бұзушылық – ол дәрі-дәрмектерді арнайы мамандандырылған орынжай мен дәріханалардан тыс жерлерде сату. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес дәрі-дәрмектерді тек дәріхана қоймаларында және дәріханаларда сатуға болады. Осы талапты бұзғандарға 194 460 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған. Осыған қарамастан Жамбыл облысында дәріханаларда тапшы болып отырған Парацетамол және тағыда басқа антибиотиктер базарларда тиісті рұқсатсыз сатылған. Осы өңірде облыс орталығының тұрғыны ЦЕФ-3 препаратының 30 ампуласын көшеде, ал екіншісі «Аспиринды» дүкенде сатқан», - деді ол агенттіктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифинг барысында. 

Оның дерегінше, Шығыс Қазақстан облысында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды интернет арқылы арнайы рұқсатсыз сату фактісі анықталды.

«Азаматтардың мамандандырылмаған орынжайда дәрілік заттарды жоғары құнмен сату фактісі Қостанай, Павлодар облыстарында да тіркелген. Барлық дәрі-дәрмектер тәркіленіп, құқық бұзушыларға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 424-бабы бойынша 3 әкімшілік іс қозғалды», - деді Ғанижан Асанұлы.