Елімізде ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарына дауыс беру аяқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, астана уақытымен сағат 20-00-де еліміздің 12 өңірінде, ал сағат 21-00-де 5 өңірде сайлау учаскелері жабылды. Осылайша, кезекті сайлау науқанына орай ашылған 12 өңірдегі 8 141, 5 өңірдегі 1 853 сайлау учаскесі жұмысын аяқтады.
Сонымен қатар Қазақстанның 53 шет мемлекеттегі өкілдіктері жанынан ашылған 66 сайлау учаскесінің 10-ында сайлаушылар өз дауыстарын беріп болды. Қазіргі уақытта уақыт белдеуіне байланысты қалған елдерде дауыс беру жалғасып жатыр. 11 қаңтар күні Нұр-Сұлтан уақытымен таңғы сағат 07:00-де Америка Құрама Штаттары мен Канададағы Қазақстан азаматтары дауыс беруді аяқтайтын болады.
Айта кетерлігі, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың сайлау комиссиялары ұсынған мәліметтерге сәйкес, сағат 20-00-дегі жағдай бойынша сайлау бюллетеньдерін тізімге енгізілген сайлаушылардың жалпы санының 63,1 пайызы алды.