12 нау, 2018 сағат 14:53

Еліміздің алты облысында дабылды ескерту жарияланды

"Қазгидромет" РМК алты облыста ауа райының қолайсыздығына байланысты дабылды ескерту жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

13 наурызда Қызылорда облысы мен Қарағанды облысының оңтүстігінде ауа райы жауын-шашынды (жаңбыр, қар), жоғары ауа температурасынан қар еріп, жазық жерлерде еріген қар суы жиналуы мүмкін. 

13-15 наурыз күндері Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында жаңбыр жауады. Қатты жауын-шашын әсерінен мұз еріп, таулы және жазық аудандар еріген қар суына толады, су деңгейі көтеріліп, алқапқа жайылуы ықтимал. 

Ал 14-15 наурызда Шығыс Қазақстан облысында да ауа райы жауын-шашынды күтіледі (қар, жаңбыр). Облыстың оңтүстігінде күннің жылы болуынан қар жылдам еріп, су деңгейі көтеріліп, тасиды.